Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі

You are here

Ереже мен міндеттер

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму

министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті»

республикалық мемлекеттік мекемесінің

ЕРЕЖЕСІ

 

1. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) реттеу, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ мемлекеттік геологиялық зерделеу, минералдық-шикізат базасын өндіру, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану, жер қойнауын мемлекеттік басқару салаларындағы Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) ведомствосы болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесіне (бұдан әрі - Ереже) қосымшаға сәйкес Комитеттің аумақтық бөлімшелері және оның қарамағындағы ұйымдары бар.

      3. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Комитет республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      6. Комитет егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің келісімі бойынша Министрліктің жауапты хатшысы бекітеді.

      9. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, № 8 үй, "Министрліктер үйі" ғимараты, 7-кіреберіс.

      10. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген жағдайда, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2. Негізгі функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Миссиясы: еліміздің барлық өндірістік салаларын белсенді дамыту үшін минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында Қазақстан аумағының геологиялық зерделенуін арттыру.

      15. Міндеттері: мемлекеттік геологиялық зерделеу, минералдық-шикізат базасын өндіру, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану, жер қойнауын пайдалануды мемлекеттік басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру.

      16. Функциялары:

      1) геологиялық ақпаратты есепке алу, сақтау, жүйелеу және жинақтау;

      2) 2005 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасындағы өндіру салалары қызметінің ашықтығы бастамасын іске асыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумда белгіленген талаптарына сәйкес кең таралған пайдалы қазбалар және жерасты суларын қоспағанда, өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасын iске асыруды жүзеге асыру және дамыту;

      3) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда тәулiгiне екi мың және одан да көп текше метр көлемiнде жерасты өндiрiстiк-техникалық суларын барлауға және өндiруге рұқсат беру және керi қайтару;

      4) ілеспе газды өңдеу тиімсіз жекелеген кен орындарында ілеспе және (немесе) табиғи газды технологиялық мұқтаждықтарға пайдалану, қат ішінің қысымын сақтау, арттыру мақсатында қатқа айдау жолымен өңдемей кәдеге жаратуға келісу;

      5) жер қойнауын пайдаланушылар кен орнында бірыңғай объект ретінде бірлескен барлау немесе өндіру туралы шарт жасасу кезінде кен орны үшін бірыңғай жұмыс бағдарламасын келісу;

      6) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған жобалау құжаттарын бекіту;

      7) тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдары бекітетін теңізде мұнайдың төгілуінің алдын алу және оны жою жөніндегі өңірлік жоспарларын келісу;

      8) жер қойнауының мемлекеттiк сараптамасын ұйымдастыру және жүргiзу, пайдалы қазбалар қорларын бекiту;

      9) пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк теңгерімін, пайдалы қазбалардың кен орындары мен көрініс-белгілерінің, қауiптi геологиялық процестердiң мемлекеттiк кадастрларын жасауды ұйымдастыру және жүргiзу;

      10) тарихи шығындардың мөлшерiн, геологиялық ақпараттың құнын және алу шартын айқындау;

      11) геологиялық ақпараттың республикалық және аумақтық қорларын ұйымдастыру және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

      12) жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын және кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты бөлiгiнде жер қойнауын пайдаланудың белгiленген тәртiбiн сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

      13) өз құзыретi шегiнде жер қойнауын пайдаланушылардың келiсiмшарттар талаптарын орындауына, оның ішінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеуге арналған келісімшарттар (шарттар) талаптарын орындауына мониторингтi және бақылауды жүзеге асыру;

      14) жер қойнауын зерделеу мен пайдалану саласындағы нормативтiк техникалық құжаттарды әзiрлеудi жүзеге асыру;

      15) конкурсқа шығаруға жататын, сондай-ақ барлау үшін оңайлатылған тәртіппен берілетін жер қойнауы учаскелерi тiзбелерiнiң жобаларын қалыптастыру үшін ұсыныстарды құзыретті органға енгiзу;

      16) минералдық шикiзатты бастапқы өңдеудi (байытуды) қоса алғанда, жер қойнауының ұтымды және кешендi пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру;

      17) геологиялық және тау-кен бөлiнiсiн беру;

      18) техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын ұйымдастыру және жүргiзу;

      19) келiсiмшарттардың жобалары мен жұмыс бағдарламаларын келiсу;

      20) жер қойнауын пайдаланушылардың жобалау құжаттарының негізінде барлау мен өндіруге арналған келісімшарттардың жұмыс бағдарламаларын келісу;

      21) суды пайдаланушылар мен гидрометеорологиялық қызмет ұсынатын жерасты суларын пайдалануды есепке алу деректерiнiң негiзiнде жерасты суларын мемлекеттiк есепке алуды жүзеге асыру;

      22) жерасты сулары бөлiгiнде мемлекеттiк су кадастрын жүргiзу;

      23) жерүсті су объектілері жоқ, бірақ ауызсу сапасындағы жерасты суларының жеткілікті қорлары бар аумақтарда облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарымен ауызсумен қамтамазсыз етуге байланысты емес мақсаттар үшін ауызсу сапасындағы жерасты суларын пайдалануға рұқсаттарды келісу;

      24) пайдалы қазбаларды барлау мен игеру жөнiндегi орталық комиссияның ұсынымдары негiзiнде жобалау құжаттарын бекiту;

      25) кен орындары қорларын сынамалы пайдалануды жүргiзу талаптары мен мерзiмдерiн айқындау;

      26) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесіп, жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу және жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу салдарынан келтiрiлген залалдың мөлшерiн айқындау;

      27) келiсiмшарт (шарт) негiзiнде жер қойнауын пайдаланушыға берiлген жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге жер қойнауын пайдалану құқығын берудi алдын ала келiсу;

      28) конкурс туралы хабарлама берiлгенге дейiн шығарылатын жер қойнауы учаскелері бойынша геологиялық ақпарат топтамаларын дайындау және оның құнын айқындау;

      29) конкурсқа шығарылатын жер қойнауы учаскелері бойынша геологиялық ақпарат топтамасын ақыға беру;

      30) барлау үшін оңайлатылған тәртіппен берілетін жер қойнауы учаскелері бойынша геологиялық ақпаратты өтініш берушіге пайдалануға беру;

      31) барлауға немесе өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға келiсiмшарт жасасу жөнiндегi тiкелей келiссөздерге қатысуға арналған өтiнiмге қорытынды беру;

      32) кен орнын табуды растау және оны бағалау мерзімдерін айқындау бойынша қорытындылар беру;

      33) жерасты суларын тәулiгiне екi мың текше метрден астам көлемде өндiру кезiнде, сондай-ақ пайдалы қазбаны өндiрудiң технологиялық схемасына сәйкес оларды қаттарға айдау үшiн жерасты суларының кен орындарын игеру жобасын пайдалы қазбалы көмірлерді барлау мен игеру жөнiндегi орталық комиссияның ұсыныстары негiзiнде бекiту;

      34) тәжірибелік-өнеркәсіптік игеруді өткізу мерзімдері мен көлемін келісу;

      35) пайдалы қазбаларды барлау мен игеру жөніндегі орталық комиссия қарағаннан кейін қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру жобасын бекіту;

      36) көмірсутекті шикізатты әзірлеудің технологиялық схемасы мен тәжірибелік-өнеркәсіптік және өнеркәсіптік игеру жобаларын оларды пайдалы қазбаларды барлау және әзірлеу жөніндегі орталық комиссия қарағаннан кейін бекіту;

      37) уран мен көмірді қоспағанда, жерасты суларын, емдік балшықты және қатты пайдалы қазбаларды бағалау жұмыстарының жобасын және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасын бекіту;

      38) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асырудың ерекшеліктерін, сондай-ақ барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртібінің ерекшеліктерін айқындау;

      39) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 70-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған бiр келiсiмшарттық аумақ шегiнде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргiзу тәртiбiн келiсу;

      40) iлеспе газды қайта өңдеудi дамыту бағдарламаларын келiсу;

      41) кен орнында бiрлескен барлау немесе өндiруді бiрыңғай жүргізу туралы шартты алдын ала келісу;

      42) Министрдің бұйрығымен бекітілген Жер қойнауын пайдалану объектілерін жою мен консервациялау қағидалары негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге тиісті лицензиясы бар жобалау ұйымы әзірлеген, жер қойнауы объектілерін жою немесе консервациялау жобаларын келісу;

      43) кен орындары игеру салдарын жою бағдарламаларын бекiту;

      44) пайдалы қазбалар қабаттары жатқан алаңдарда құрылыс салуға, сондай-ақ олар жатқан орындарда жерасты құрылыстарын орналастыруға, пайдалы қазбаларды алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген немесе құрылыс салудың экономикалық тиімділігі дәлелденген жағдайда жергілікті атқарушы органмен бірлесіп рұқсат беру;

      45) жер қойнауын зерделеу мен пайдалануды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

      46) пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік теңгерімі бойынша ақпаратты мемлекеттік органдарға беру тәртібін бекіту;

      47) жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін айқындау;

      48) елді мекендерді шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға арналған жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу саласындағы жұмыстарды жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманың экономикалық сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу;

      49) жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеуге жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну, жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеуге келiсiмшарттар (шарттар) жасасу, олардың мемлекеттік тіркелуін, сақталуын және орындалу мониторингін жүзеге асыру;

      50) өз құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      51) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік акциялар пакетіне (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі) иелік ету және пайдалану құқығын, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті органның функцияларын жүзеге асыру;

      52) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;

      53) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін әзірлеу;

      54) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 132-бабының 2-тармағына сәйкес тексерілетін субъектілер қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауды және тексеруді жүзеге асыру;

      55) тиісті салада мемлекеттік бақылау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      56) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;

      57) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүргізу;

      58) мемлекеттік бақылау тиімділігінің мониторингін жүргізу;

      59) мемлекеттік бақылау жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      60) бекітілген тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын, ведомстволық есептіліктің жиынтық деректерін Министрліктің интернет-ресурсында орналастыру;

      61) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын, тексеру жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;

      62) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      17. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:

      Комитеттің құқықтары:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтарды шығарады;

      2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады және алады;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      4) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге шараларды өткізеді;

      5) қызметінің басшылық ететін бағыттары бойынша кеңес беру-кеңесу органдарын (жұмыс топтарын, комиссияларды, кеңестерді) құру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      6) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартуға;

      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге құқықтарды жүзеге асырады.

      Комитеттің міндеттеріне кіреді:

      1) Комитетке жүктелген міндеттер мен қызметтерді іске асыруды қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға;

      3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер дайындау;

      4) Комитет теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету;

      5) бухгалтерлік есепті жүргізу;

      6) бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасау және Министрлікке беру;

      7) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражатты толық, уақтылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

      8) мемлекеттік сатып алу рәсімдерін "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізу кіреді.

 

3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      18. Комитет басшылығын төраға жүзеге асырады, Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын оның жүзеге асыруына жауапты болады.

      19. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрімен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын Төраға басқарады.

      20. Төрағаның Министрліктің жауапты хатшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары бар.

      21. Комитет төрағасы Министрліктің басшылығына Комитеттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

      22. Комитет төрағасы комитет қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын оның жүзеге асыруына жауапты болады.

      23. Комитет төрағасының өкілеттіктері:

      1) өз орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының және қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

      3) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      4) оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Төраға болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Министрліктің жауапты хатшысының бұйрығына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      24. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

      25. Комитет төрағасының орынбасарлары:

      1) өз өкілеттіктері шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;

      2) Комитет төрағасымен оған жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

4. Комитеттің мүлкі

      26. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      27. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      28. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Комитет өзіне бекітілген мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

 

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

© 2018

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі

Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті